Никита Захаров Fika асүйін 2025 жылдан бері басқарып келеді. Алматыдағы алғашқы жобасы — Бәрібаев көшесіндегі Kitchen бистросы (2023–2024). Оған дейін Санкт-Петербургте білім алып, түрлі мейрамханада еңбек еткен. Өзін кәсіби тұрғыда шыңдаған басты мектебі ретінде Animals мейрамханасын атайды.
Осыған ұқсас керемет самсаны Фархат өзінің шағын Samrun орнында пісіреді. Ол ұзақ жыл мейрамханаларда жұмыс істеп, кейін Қытайға оқуға барып қайтқан соң, өз кәсібін ашатын уақыт жетті деп шешкен. Мұнда самса тек тапсырыс түскенде пісіріледі, сондықтан ішінде сөлі мол болып шығады. Ал қасына берілетін қызанақ аджикасын Фархаттың анасы өзі дайындап, банкаларға жауып береді.
Төле би көшесінен сәл жоғары, Төлебаевтың бойындағы Cantina Sobremesa-да қаладағы ең сүйікті бурритом жасырынған. Ұзақ жүгірістен кейін калория санаудың мәні қалмай, тек дәмді әрі тойып тамақтанғың келетін сәтте мен үшін таптырмас таңдау. Ірімшігі мол, дәмдеуіш қосылған тартылған еті тіл үйіреді, ал қасына краннан құйылатын Paloma алуға болады. Мұнда дәмді сэндвичтер де бар, жақын арада мәзірге тағы талай тағам қосылмақ. Аспаздың қолынан бал таматыны анық.
Көк базарға жиі барамын, өнімдердің маусымын қалт жібермеуге тырысамын. Әсіресе маусымы қысқа тыржыңқұлақ саңырауқұлағы, қояншөп пен інжірді қадағалаймын. Барған сайын «Курбан» асханасына соғып, базар қызметкерлерімен қатар отырып, сорпасы қою әрі дәмі қанық лағманның мол порциясын сүйсіне жеп алуға тырысамын.
Дәмінен гөрі әңгімесі көп, тым күрделендірілген тағамдарды ұнатпаймын. Маған бәрі қарапайым әрі түсінікті болғаны ұнайды: алдын ала дайындауға көп еңбек кетсе де, дастарқанға келгенде дәмі айқын сезіліп, әр өнімнің өз қасиеті ашылып тұрса деймін. Меніңше, шеф жұмысының маңызды бір бөлігі — өнім таңдау. Ең жақсысын табуға тырысамын, мәзірді жаңартқанда да, арнайы тағамдар әзірлегенде де соған сүйенемін. Жергілікті көкөністер, сапалы ет, сырттан әкелінетін үздік өнімдер — алабалық, пармезан, малдон тұзы, фермерлерден алатын сүт, ірімшік пен салат жапырақтары — таңғы, түскі және кешкі асқа бәрінің таңдаулысын ұсынамыз. Қасына өзіміз пісіретін нан беріледі. Шынымды айтсам, нанымыз әлемдік деңгейде де әбден бәсекеге түсе алады деп ойлаймын.
Меніңше, дөнер қай кезде де, қай жерде де жеуге ыңғайлы ас. Attash Doner-ді ұсынғым келеді: мұнда сиыр мен қой еті үйілген алып істік көмір шоғына айнала піседі, ал дөнердің іші сөлді етке толы. Мен үшін Алматыдағы ең дәмді дөнер — осы.
«Байсат» — жұрттың бәріне таныс базар. Асүй мен барға қажет ұсақ керек-жарақ пен жабдықтарды сол жерден жиі аламыз. Алғаш рет осыдан төрт жылдай бұрын барғанмын. Әдеттегідей, жұмыста тамақ ішуді ұмытып кетіп, «Алат самсаны» көзім шалды.
Мұнда бәрі қарапайым: екі таба самса пісіреді де, бірден сатып жібереді, артынан келесі екеуін салады. Күні бойы осылай. Самса сөреде жатып қалмайды, қолыңа пештен жаңа шыққан күйі тиеді. Алғаш тістегенде сәл аңтарылып қалдым: бәрі мінсіз еді. Жұқалап жайылған қытырлақ қамыр, қара бұрышы, пиязы мен тұзы келіскен, сөлі мол, дәмі қанық, бұрқылдап тұрған салма. Қасына сарымсақ қосылған қызанақ аджикасы мен айран алсаң, тіпті керемет.
Содан бері осы самса туралы бәріне айтып, шефтерді де, Қазақстанға алғаш келген қонақтарды да осында ертіп келуге тырысамын. Базардың өзіне тән тіршілігі, айналадағы сан түрлі көлік, екі пластик үстел, тіпті +39°C аптаптың өзі де бұл жерді өзгеше ете түседі.
Асүйден тыс тамаққа аса талғампаз емеспін. Көпшілігіміз сондай шығармыз. Үйде таңғы асым өте қарапайым, ал сыртта көбіне көше тағамдарын жеймін. Сапа мен тұрақтылықты бағалаймын: бір жерден тауық сорпасына піскен мінсіз кеспе ішіп, оның дәмі әр барған сайын өзгермесе, сол жерге қайта-қайта барамын. Еш күтпеген жерден керемет дәмге тап болғанды да ұнатамын. Алматыда да, саяхатта да жұрт көп бара бермейтін түкпірлерге жетіп, табысы төмен не орташа адамдардың қалай тамақтанатынын көруге тырысамын. Тар өткелде пластик орындықта отырсаң да, мұндай астың дәмі жұлдызды мейрамханада ұсынылатын тағамнан әлдеқайда асып түсетін кезі аз емес.
Фото: Данила Ребро
Сән-салтанаты келіскен мейрамханалар бар, ал енді күн сайын отбасылар мен достарды бір дастарқанға жинайтын орындар бар. Жақындарым келгенде, дәмді ет жеуге міндетті түрде кәуапханаға барамыз. Осы тұста «Дато» мен «Смайлды» атап өткім келеді. Үйрек етінен жасалған кәдімгі кәуаптың өзі еш қоспасыз-ақ осыншалық дәмді болатынын бұрын ойламаппын.