Астана мен Алматының үздік мейрамханалары мен барлары қалай таңдалады? Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады: оған нейрожелі, Яндекс Go сервисінің 15 000 пайдаланушысы және 120 жергілікті сарапшы қатысады — бәрі өте байыпты. Биыл үздіктер қатарына кімдер енгені жайлы осы мақалада егжей-тегжейлі жазған едік.
«Әу баста Сөз болған» деген тәмсілдің растығына көз жеткізетін жер болса, ол осы Temple шығар. Мұнда сізді сөз бастап әкеледі: алдын ала орын брондамасаңыз, барды табу мүмкін емес. Тапсырыс беруге де сөз көмектеседі: мұнда мәзір жоқ, тек сіз бен қызметкерлер арасындағы әңгіме бар. Бармен қонақтан қандай дәмдерді ұнататынын, көңіл күйінің қандай екенін сұрап, әрқайсысына арнайы коктейль әзірлейді. Майшамның жалыны, шынжырлар және бар үстіндегі Петропавлдан әкелінген 150 жылдық ағаш айналаға тылсым рәсімге ұқсас ахуал сыйлайды. Temple расында да өз сәулеті, жоралғылары және бар алдындағы жеке сырласуы бар ғибадатхананы еске түсіреді.
Коктейльдер ғибадатханасы
Астанадағы түн ортасы
Ағылшын-қазақ пабы
Malena кейіпкерлері барға бес минутқа ғана кіріп, тағдырлы бір таныстықтан кейін өмірге деген көзқарасы өзгеріп, таңға жуық бір-ақ шығатын фильмдердің бірінде көрінуі әбден мүмкін. Сондай-ақ мейрамхана, коктейль-бар мен музыкалық алаңның қайсысын таңдарыңызды білмей тұрсаңыз, дәл осы жерге келген жөн: мұнда бәрі бір кадрда тоғысады. Ал оқиғаның өзегінде — авторлық коктейльдер. Бренди, орман бүлдіргені, аюбадам және просекко қосылған Malena Spritz жеңіл Италия комедиясының бір көрінісін елестетеді. Ал Paloma, Old Fashioned, Paper Plane немесе Espresso Martini сюжетті мүлде басқа арнаға бұрады — мұнда шуақты аперитивтен бастап, түнгі классикаға дейін бәрі бар.
Fuller’s — британша атау алған жай ғана бар емес. Ол Астана мен Алматыда бір атаумен жұмыс істейтін бірнеше пабтан құралған жергілікті желінің бір бөлігі. Бренд атауы XIX ғасырда құрылған әйгілі Fuller, Smith & Turner сыра қайнату компаниясының тарихына меңзейді. Мұнда Лондонның паб мәдениеті жергілікті болмысқа бейімделген: ағылшын сырасы, ағаш интерьер, үстел футболы, жанды музыка және көпшілікпен бөлісіп жеуге арналған тағамдар — жергілікті ерекшелікпен үйлескен классика. Лагермен бірге қазақстандықтардың тәбетіне сай мол тағамдар ұсынылады: бургерлер, фиш-энд-чипс, шукрут қосылған шұжықтар, тауық қанаттары мен шағын чебуректер. Тәжірибе көрсеткендей, мәзірдегі мұндай көпмәдениетті эклектикаға сұраныс бар.
Фото: мейрамханалардың сайттары мен әлеуметтік желілері; Yandex Maps