Астана мен Алматының үздік мейрамханалары мен барлары қалай таңдалады? Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады: оған нейрожелі, Яндекс Go сервисінің 15 000 пайдаланушысы және 120 жергілікті сарапшы қатысады — бәрі өте байыпты. Биыл үздіктер қатарына кімдер енгені жайлы осы мақалада егжей-тегжейлі жазған едік.
«Касабланкадан» шабыт алған джин-бар: бәсең жарық, джаз, екі түрлі зал және ескі киноны еске салатын интерьер. 2023 жылы көрші кәсіпорын арқылы ғана кіруге болатын жасырын бөлме ретінде ашылып, уақыт өте келе жеке кіреберісі мен жазғы террасасы бар толыққанды кеңістікке айналды. Мұнда басты назар джинге аударылған: сусындар картасында G& T, мартини, негрони және джин, алмұрт пен бадамнан жасалатын фирмалық French 42 бар. Авторлық коктейльдердің қатарында пісте қосылған Baklava, француз аперитиві мен анардан әзірленетін лағыл түсті Rouge және құрма мен шиеден жасалатын қою түсті Mariee ұсынылады. Джиннен бөлек, барда ирланд вискиі, кальвадос пен портвейн бар.
Небәрі сегіз үстелі бар шағын әрі жайлы шарап барының сөрелерінде мыңнан астам бөтелке жиналған. Оның ішінде шамамен 80 шарапты бокалмен тапсырыс беруге болады — таңдауда ұзақ сақталған шараптар мен сирек сұрыптар да бар. Мұнда бөтелкені толық ашпай-ақ, тығын арқылы шарап құюға мүмкіндік беретін коравин жүйесі кеңінен қолданылады. Осылайша сусынның қасиеттері ұзағырақ сақталады. Шарап картасын Денис Салимзянов жетекшілік ететін сомельелер командасы құрастырып, үнемі толықтырып отырады. Мұнда Шампань мен Бургундиядан бастап, Бароло, Балқан шараптары, гарнача, табиғи шараптар және шағын шарап шаруашылықтарының сирек кювелеріне дейін бар. Шараппен бірге ірімшік, 48 ай бойы бабына келген хамон, фуа-гра, зәйтүн, каперс пен артишок ұсынылады. Барда отыруға зауқыңыз болмаса, деликатестердің бір бөлігін үйге сатып алуға болады. Agora Wine & Deli-де дегустациялар, гастрономиялық кешкі астар және шарап өндірушілермен кездесулер тұрақты өткізіліп тұрады.
Алматыдағы байырғы барлардың бірі классикалық шотланд пабының үлгісінде безендірілген. Сусындар картасында қаладағы ең ауқымды виски топтамаларының бірі ұсынылған: шотланд скотчынан бастап, Айла аралы мен Спейсайд өңірінің бір уытты вискилеріне және сирек кездесетін жапондық үлгілерге дейін бар. Сонымен қатар мұнда крафт және құйылмалы сыра, джин, коньяк пен вермут ұсынылады. Ас мәзірінде қолмен жеуге ыңғайлы тіскебасарлар, бургерлер, стейктер мен ыстық тағамдар бар. Бәсең әңгіме, кез келген талғамға сай сусындар және тек ең маңызды спорттық жарыстардың көрсетілімі — өзіңізді Эдинбургте немесе Глазгода жүргендей сезінуге қажет дүниенің бәрі осында.
Фото: мейрамханалардың сайттары мен әлеуметтік желілері; Yandex Maps