Сонымен қатар күнделікті өмірді суретке түсіріп, әдемі етіп көрсетуді әуестікке айналдырған да — осы миллениалдар. #foodporn хэштегі мен VSCO фильтрлеріне рақмет: Y буыны таңғы асын тек төбесінен түсіріп, тәрелкенің айналасына Мураками секілді ойлы кітаптарды, Ray-Ban көзілдірігін және сол дәуірдің басқа да белгілерін әдейі бейберекеттеу орналастыратын болды. Болған, болған.
Сөйтіп, кафелердің де бірте-бірте жай ғана тамақтанатын орыннан әлдеқайда маңызды мекенге айналғаны таңғаларлық емес. Америкалық әлеуметтанушы Рэй Ольденбург мұндай кеңістіктерді «үшінші орын» деп атаған: үйден де, жұмыстан да бөлек, «бейтарап» орта. Бұл тұжырым миллениалдардан әлдеқайда бұрын пайда болғанымен, тәуелсіз спешелти-кофеханалар мен қашықтан жұмыстың таралуы оған жаңа тыныс берді. «Үшінші орында» кездесу де белгілеуге, жұмыс істеуге, кітап оқуға, тіпті бір капучино алып, бірнеше сағат отыруға да болады (иелеріне ұнамаса да, амал қанша). Болмаса митапқа соғасың — айти мамандары, бұл жері сендерге таныс.
Сырт көзге сәл күлкілі көрінетін осы байыптылықтың астарында түсінікті бір ниет жатыр: өнімнің өзінен ғана емес, ол туралы білгеніңнен де рақат алу. Бірақ мұның бәрін еліктегішке балау әділетсіз болар еді. Ақшаңды нақты не үшін төлеп, кімнің еңбегін қолдап отырғаныңды білгің келеді ғой. Сомелье тағам мен шараптың сәтті үйлесімін ғана емес, шарап шыққан өңірдің климат ерекшеліктерін де әңгімелеп берсе дейсің. Ал бариста (чемпионат жеңімпазы болса, тіпті жақсы) V60-ыңа арналған кофе дәнін өсірген фермердің атын білсе екен. Тұтынуға саналы қараудың алғашқы қадамдары үшін миллениалдарға лайк басамыз.
Қолмен жазудан бұрын экран сырғытуды үйренген буын интернетке біржола көшіп кетуге тиіс сияқты еді. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады: зумерлер ортақ үстел басында танысып, экраннан тыс өмірді жақтап жүр. Бұрын миллениалдар әлденені «қайта ойлап тапты» деп қалжыңдайтынбыз, бірақ Z буыны бәрінен озды: мәзірдегі қалаған тағамыңды қарындашпен белгілеу — диджитал-детокстың нағыз өзі. Оның үстіне, Table-дің ойынға құрылған тұжырымдамасы қонақтарды баяғы офлайн өмірге қайта жетелейді деуге болады.
Бұрын достармен кездесудің ертеңіне бас жазу қажет болары айтпаса да түсінікті еді. Қазір жұрт кофе-рейвке, матча-кешке, шай дегустациясына немесе демалыс күніне арнайы пісірілген тоқаш жеуге қуана барады. Зумерлердің алкоголь индустриясын күйретіп жатқаны туралы жазбаған адам қалмаған шығар. Сонда бардан барға ауысып жүретін кештер өткенде қала ма? Екіталай. Енді барға тек басың айналғанша ішу үшін бармайсың: өз ісін білетін кез келген бармен саған кезекті лимонадты емес, дәмі сан қырлы моктейльді оп-оңай жасап береді (алкогольсіз спириттерге рақмет!). Ал мұның бәрі марапаттары бар бардың ерекше ортасында өтсе, ішімдік ішпеу рақаттан қағылу деген сөз емес. Қайта, бар үстелінің басында бұрын сезінбеген әсерге бөленуің әбден мүмкін.
Бұл буын Хәрри Поттердің есейгенін ғана емес, үшінші толқын кофеханаларының пайда болғанын да көрді. Солармен бірге жалпы гастрономияға да ықылас артты: кофе, шарап пен маусымдық өнімдердің қыр-сырын білу өнерден хабардар болумен бірдей беделге айналды деуге болады. Қысқасы, боулдағы қызанақтың Ташкенттен, ал алабалықтың Талғардан келгені белгілі болса, осының өзі олардың шыққан жерін мәзірде атап өтуге жеткілікті себеп саналды.
Миллениалдар осы постиронияның бәрін түсіне ме — ол жағы үлкен сұрақ. Ал зумерлер гастрономиялық қалжыңның өзін өнерге айналдырды: достарыңды әзіл үшін Qaganat асханалар желісіне кешкі асқа шақырып, артынан тамағы шынымен жаман емес екенін байқауың мүмкін. Немесе күрделі гастрономиялық жаңалықтардың орнына «қуырған картоп» пен фрикаделька қосылған картоп езбесін ұсынатын «Комок» барына баруға болады (бірақ жоғарыда анықтағанымыздай, онда міндетті түрде алкогольсіз сыра болуы керек).
Дүйім жұрт жиналатын кештердің орнын шағын қауымдастықтар басты. Енді жай ғана сәнді кофехана ашу жеткіліксіз — айналасына мәзірден басқа да айтары бар адамдарды жинау әлдеқайда қызық. Жүгірушілер Алматыны жүгіріп аралаған соң, эфиопиялық дәннен дайындалған фильтр-кофе ішуге Collab-та кездеседі, ал винил әуесқойлары Unapasta-да кешкі ас үстінде сүйікті күйтабақтарын тыңдайды (міне, нағыз балама өмір!). Шындығын айтсақ, жастық шағы думанды кештерде өткен миллениалдар да қазір жүгіріп, күндік ақуыз мөлшерін қадағалай бастады. Бірақ ол — бөлек әңгіме.
Фото: мейрамханалардың сайттары мен әлеуметтік желілері; Yandex Maps
Сонымен бірге бір ғана өнімге маманданған орындар сәнге айналып келеді: зумерлер бургерді де, сушиді де, пастаны да қатар сататын жобаларға аса жолай бермейді. Тек сэндвич ұсынатын мәзірдің жөні бөлек қой! Мәселен, Sangwich Club. Немесе Match. a секілді матча-барлар. Бұл бәсекеде бір өнімге құрылған жобалардың басымдығы анық. Зумерлердің қалтасына да солар қолайлы: мұндай жерлерде есеп айтарлықтай аз шығады.
Әрине, мұның бәрінің сыртқы келбеті де соған сай болуы керек. Зумерлер мінсіз, бірақ жансыз боз интерьерлер мен әлеуметтік желідегі жылтыратып өңделген парақшалардан әбден жалыққан. Қолмен жазылған логотип, әдейі ұқыпсыздау жасалған графика, ерекше қаптама, батыл мерч — бері әкеліңдер! «Шанхайлық» кофехананың логотипіндегі қисық-қыңыр blend жазуына және оған дәті жеткендерге — бөлек құрмет.
Әйтсе де, бүгінде миллениалдардың үлкені қырықтан асты. Гастрономиялық жаңалық іздеу, жаңа білім жинау, айналаның бәрін әсемдеуге деген үздіксіз құлшыныс біртіндеп өзге рақаттарға орын беріп келеді. Мәселен, он жыл бұрын барып жүрген кафеңе қайта оралып, мәзірді ашпастан сүйікті таңғы асыңа тапсырыс беру. Қазіргі заманда мұның өзі де — бір ғанибет.
Альфалардың болашақта қандай асқа әуес боларын болжау әзірге ерте: бұл буынның үлкендері шамамен 16 жаста. Дегенмен олардың жаңа өнімдермен таныстығы көбіне супермаркетте, мейрамханада не кафеде басталмайтыны қазірдің өзінде белгілі. Сарапшылардың айтуынша, сауалнамаға қатысқан ата-аналардың жартысынан көбі балаларына теледидардан немесе интернеттен көрген тамағын сатып әпереді.
Бір нәрсе анық: қысқа видеолар әлемінде тағамның суретке әдемі түсуі жеткіліксіз — кадрда да жұртты елең еткізсе, тіпті жақсы. Қытырлаған дубай шоколады (тәубе, бұл кезеңнен де өттік!), созылмалы моти, ауызда жарылатын түйіршіктері бар бабл-ти — осыларға қарағанда, альфалар есейгенде де дәмі ғана емес, сезімге сыйлар әсері де ерекше тағамдарға әуес болатын сияқты. Бірақ бұл, әрине, әзірге жорамал ғана.