о людях и еде от яндекс еды

мы в телеграм

Pinterest-тегідей: әдемі мейрамханалар топтамасы

Ақиқатын айтайық: біз мейрамханаларға тек дәмді тамақ іздеп бармаймыз, біз ішкі әсемдік инспекторларын да қыдыртып әкелеміз. Интерьерлік шешімдер мен өнер бұйымдарынан, ыдыстар мен мәзір беттеуінен, тағам тартудан эстетика іздеп барамыз. Бүкіл номинациялар бойынша чемпион бар — әлемнің ең әдемі ТОП-16 мейрамханасының қатарына кірген (!) Auyl мейрамханасы бар, бірақ біз дизайны керемет әсер қалдыратын тағы 8 орынды жинап қойдық.

Julius

Бұл NAWW сәулет бюросын La Marzocco қызыл кофемашинасы шабыттандырған қаладағы ең танымал қызыл есігі бар орын. Julius спешелти-кофеханасы — өте шағын, бірақ берік мінезі мен халықаралық танымал жиынтығы бар орын. Танымал минималистік сарғыш интерьерін Arch Daily беделді сәулет басылымы атап өткен болатын, 2023 жылы бұл Building of the Year (Hospitality Architecture санатында) сыйақысына номинант болған Қазақстандық жалғыз жоба болатын. Оған қоса, Julius мейрамханасы Gestalten ұсынған Designing Coffee кітабының парақшаларында — әлемдегі ең шабыттандыратын кофеханалар коллекциясында да бейнеленген. Жалпы айтқанда, Қабанбай батыр көшесіндегі гастрономиялық променадтың жарқын жұлдызына кофе ішіп, фотосуреттер жасау үшін барамыз.

Julius

Адрес: Алматы, Қабанбай батыр көшесі, 83

Fika

Қабанбай батыр гастроаллеясының басқа бөлігінде — оюлары бар танымал Fika көгілдір түсті үйі орналасқан. Бұл да NAAW бюросының жобасы және жаңа жетістіктер: Dezeen Awards 2024 лонг-тізіміне кірді және Building of the Year 2025 номинациясын иеленді. Ішіне сүңгіп, интерьеріне таң қалар алдында қасбеті жайлы бірер сөз: бұл 1950-ші жылдардағы теміржолшылардың қамқорлықпен қалпына келтірілген бұрынғы тұрғын үйі. Ал ішінде — дизайн-шешімдер каталогы десе де болады: жапсырып мәнерленген төбе, қиялдағыдай жиһах, ақ-көгілдір түсті шашка біресе бір жерде, біресе екінші жерде, және мейрамхананың дәл жүрегі — наубайханаға апаратын аркалы терезе. Айтпақшы, ол туралы: Fika өзінің нан-тоқаш шедеврлерімен өте қатты танымал болып үлгерген, бірақ кофе, шарап пен негізгі мәзір де сіздің назарыңызға лайық. Вайб — Копенгаген, жан-дүниесі — Алматы.

Fika

Адрес: Алматы, Қабанбай батыр көшесі, 104

Astra Grand Cafe

Алтын шаршыдан Villa Boutiques & Restaurants ауданына көшеміз — мұнда жаңа «жұлдыз» жанған. Astra — бәрі молынан және сән-салтанатпен ұсынылған гранд-дәмхана. Сізді мәрмәр бар тағанның алдында мінсіз үтіктелген ақ пенжек киген бармендер қарсы алады, ал оның үстінде — шеф-наубайшы Максим Бабич әзірлеген пісірмелер салынған жылтыр этажеркалар орналасқан. Интерьердегі қаныққан қызыл түс (құмарлық пен тәбет ашады) ақ және мәрмәр үстелдермен үйлесімді тұрады. Асханасын алматылықтарға Blanca мейрамханасынан танымал шеф Георгий Троян ұстап отыр. Таңғы немесе кешкі астар — бәрі өзгеше деликатестер. Ал ыдыстары қандай керемет! Тамаша әсер алып, үстелдің әсем жабдықтарынан шабыт алып кетуге әзірленіңіз. Төменгі қабатта Agora ұсынған коктейль бары жасырынған — ақ-қара түсті кинодағы Жаңа Орлеан мен «Ұлы Гэтсби» сарынындағы думан миксі.

Astra Grand Cafe

Адрес: Алматы, Әл-Фараби даңғылы, 140А/3

Blanca

Blanca ойы — Париж немесе Лондонның сәнді көшесінде итальяндық дәмхана жасап, оны Алматының ортасында тірілту. Дәстүрлі остерияның ақ дастархандары мәрмәр үстелдермен кезігеді, ақ реңктер терең көк түспен үйлесіп, жерорта теңізінің жағалауына барғандай әсер қалдырады, оңтүстіктің күн көзі аркалы әйнектерден өтіп, айналадағының бәрін одан бетер жарқырата түседі. Бистро форматына сәйкес — бәрі жинақы орналасқан, бұрылсаң көршіңмен амандасасың деген сияқты. Мәскеулік шеф Георгий Троян үшін («Северяне», Le Pigeon) дебют болған Blanca мәзірінде біз үйреніп қалған «Арабьята» пастасы немесе «Маргарита» пиццасы сияқты, бірақ авторлық мән берілген итальяндық бестселлерлер миксі жиналған. Бәрі әйгілі Bitossi итальяндық дизайнерлік ыдыстарымен тартылады. Күндізгі дольче витаны кешкілік отырыстар алмастырады. Алматылықтар әр сәттен ләззат алуды итальяндықтардан дәл осы жердің арқасында үйренген болар.

Blanca

Адрес: Алматы, Абылай хан даңғылы, 127

Tör

Esentai бутиктер мен люкс шопинг ауданының ортасында әйнек куб көрініп тұр: егер бірінші қабатының резиденті — бәріне мәлім Cafeteria болса, оның екінші қабаттағы көршісі — Tör мейрамханасына — біз егжей-тегжейлі инспекциямен кіріп шығамыз. Безендіру жобасын K& K Architectural Design студиясы әзірлеген: дизайн-шешімдерге негіз болған мейрамхананың гастрономиялық концепциясы — дәстүрлі және заманауи стильдер үйлесімі, жергілікті өнімдер мен жергілікті крафтсмендер. Қабырғалары жоқ мейрамхана (әйнектерінен тауларға көрініс қаншалықты тамаша десеңші) бар назарды төбесіне аударады. Басты көтерсеңіз, тоқылған паттерндерді сан түрлі ракурстан қарай аласыз, нақышталған қазақ оюлары пиксельдерге ұқсайды, ал ілініп тұрған тоқыма жайлылық әсерін ұялатады. Tör мейрамханасын The New York Times және La Liste рейтингтері атап өткен, сондай-ақ, ол Architecture & Design Leaders Awards 2024 сыйақысында «Мейрамханалар жобасындағы атмосфералық кейіп» номинациясын иеленген болатын.

TÖR

Адрес: Алматы, Әл-Фараби даңғылы, 77/7к1

Renée Café

Ең эстетикалық төбе дейміз бе? О, иә! Оған Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар мен өсімдіктердің кескіндері қолмен бейнеленген, ал төбенің көрінісі әлеуметтік желілерден шықпай жүр. Егер біз Pinterest-те референстер тақтасын жинап жатсақ, Renée оның ауқымды бөлігін алар еді: мейрамхана толықтай француз салтанатының көрнекілігі іспеттес, құс тәріздес киімжай нөмірінен бастап еуропалық ескі-құсқы базарлардан алынған антикварлық ыдыс-аяққа дейін, трюфельдерге арналған сүйкімді бокстар және басқа да көрікті нәрселер — әрбір ұсақ-түйегіне таңғажайып көңіл бөлінген. Renée жоғары мәдениетті таңғы астар әзірлейді (өмірді дәл сол Renée фирмалық сетімен тойлатамыз), жерортатеңіздік мәзір ұсынады және алуан түрлі пісірмелер мен десерттер тұрған витринасымен еліктіреді: канеледен жидек тарталеткаларына дейін тәтті ала кету үшін бөлек соға кетуге болады.

Renée Café

Адрес: Алматы, Қаныш Сәтбаев көшесі, 3

TheM

Алматылықтардың көпшілігіне жақсы таныс бренд-шеф Александр Прошенков ұсынған необистро (кезінде ол Cafeteria брендін «жасап шығарған», ал қазір өз атындағы дәмхана-лавкамен айналысып жатыр — Jent by Proshenkov). TheM түсінікті де, өзгеше де болып көрінеді: интерьерінде минимализм және металл көп, бірақ басымдық жиһаз бен сәнсәулелердегі қызғылт түске берілген. Мәзірінде — «бистро» ұсынатын қолжетімділік пен түсініктілік және «неодан» гурмандық-авторлық штрихтер. Сәнді жаймалар ретінде 032c, Dazed журналдары мен жергілікті принт ‘98mag жатқан сөрені атап өткізім келеді. Бірінші қабаттан төмен жерде Spirit құпия бөлмесі орналасқан — сәл бақсылық рух, концептуалдық карта мен сыршылдыққа толы коктейль бары. TheM мейрамханасын құрбылармен мерекелік бранч өткізу үшін де, гастрономиялық кездесу жасау үшін де таңдауға болады.

TheM Neo Bistro

Адрес: Алматы, Абай даңғылы, 23

Giardino

Белла, граци! Алматының аясынан жұлып алынғанда бақшасы мен сүйкімді балконы бар қос қабатты жекежай жылдың жылы мезгілінде бұл жерде үстел иелену үшін күресу қажет дегенді меңзеп тұрғандай. Giardino тартылыс нүктесі — әйнекпен жабылған веранда және шеф Фабрицио Фатуччи ұсынған римдік асхана. Мұнда кофенің сапасын, авторлық рецептурасы мен қамқор сервисі бар Италия дәстүрлерін қадағалап отырады. Giardino-да өз көңіл-күйі мен себебіне ие бірнеше зал бар: зеңжарлы айналар, тақта оюлары, екі адамға арналған мәрмәр үстелдер және ағаштан жасалған «отбасылық» үстелдер, тірі өсімдіктер, гүлдер мен м-ы-ы-ыңдаған ұсақ-түйек көздің жауын алады. Вителло тоннато, бұқа құйрығынан жасалған паккери және профитроли Giardino-да маусым хитіне айналады, бірақ дәл сол римдік пиццаны жемей де кете алмайсыз — жұқа қамыры мен барлық ингредиенттері бөлек-бөлек қонған сияқты, алайда нәтижесі — перфекто.

Giardino

Адрес: Алматы, Құрманғазы көшесі, 79
Фото: мейрамханалардың веб-сайттары мен әлеуметтік желілері, Yandex Maps