Тоқыма жиһаз, майолика, көк түсті винтаж шкаф — Marcello мейрамханасында Сиенаның түбіндегі бір виллада кешкі ас ішкендей күй кешесің. Артём Марченко aka Марчелло (The Chef Group басшысын жас кезінде достары осылай атаған) итальян тағамдарының хиттеріне твисттер дайындайды: тауық еті мен цуккини қойылған аррабиата, жылқы етінен жасалған пастрами қосылған пицца, трюфель соусты балық котлеті. Классикалық Италия мен басқа Еуропа тағамдары да бар. Ең керемет жоспар — аз-аздан тапсырыс беріп, Ботаникалық баққа қарайтын шыны террасада достармен асықпай бөлісе жеу.
Felice — итальян тілінде «бақытты» дегенді білдіреді. Мұнда бақыт нәзік айырмашылықтардан тұрады: «жаңа ауланған балықтан», әсем сервировкадан, бренд-аспаз Джузеппе Риккебуононың Мишлен мәртебесінен. Мәзірде негізінен балық пен теңіз өнімдеріне назар аударған: лобстер, жабайы сибас, таңқы шаян, теңіз тілі — бәрі мұзға қойылған. Ыстық тағамға лигуриялық мәнерде пісірілген сегізаяқ қармауышы және фермерлік ірімшіктермен пісірілген устрицалар, ал пастаға таңқы шаян қосылған спагетти және албырт қосылған качо-э-пепе ұсынылады; сондай-ақ сальмоне пиццасы міндетті түрде ағаш пеште дайындалады.
Еуропалық үлгідегі мейрамхана — дұрыс ескі мәнерде және артық еліктеусіз. Шарап сөрелері әлемнің түкпір-түкпіріндегі өндірушілерден тікелей жеткізілетін бөтелкелерге лық толы. Қабырға толық бейнеленген «Авиньон қыздарымен» безендірілген. Monte Bianco мәзірінде — Жерорта теңізінің қарапайым әрі шынайы дәмдері: трюфель ірімшігі, брезаола қосылған кростини, теңіз өнімдері қосылған ризотто және ерекше кешкі ас таңдауы — үлкен ірімшік кесегінде әсерлі етіп дайындалатын паста. Егер алған әсеріңізді үйде де жалғастырғыңыз келсе, гастродүкенді шолып шығыңыз: томат соусынан анчоус пен каперске дейінгінің бәрі бар. Бірге ала кететін нағыз Италия.
Тұран даңғылының шуы мен қозғалысының ортасында кішкентай Рим басталады, ол — La Mia Piazza. Итальян алаңына ұқсас кең залды мейрамхана қаланың ырғағынан ерекше. Аяқ астында тас төсеуіш өріліп, айналада жасыл желек жайқалады. Бөлменің ішінде ағаштар, ал саз құмыраларда гүлдер отырғызылған. Мәзірі — декорацияның жалғасы: жиектері көтеріңкі жұқа қамырдан жасалған пиццаның 16 түрі, оңтүстік Италиядағы классикалық тратториялардағыдай паста, ризотто, ньокки және салаттар.
Lugano ескі қалада орналасқан, шыны веранда қысқы бақты еске түсіреді, жарық пен жасыл желек тоқыма жиһаздарымен және қала көрінісімен үйлесім тапқан. Мәзірі Италиядан келген ашықхаттай: қолдан жасалған паста, теңіз өнімдері қосылған жұқа пицца, майлы ризотто, жеңіл салаттар және соңында ұсынылатын тирамису. Шарап картасында — солтүстік ақ шараптардан тосканалық қызыл шараптарға дейінгі классикалық маршрут.
Бұл орын Неапольдің тар көшелеріндегі пиццерияның вайбын сыйлайды: жұмысқа адалдық, жақсы пешті қолдану, ірімшікті өздері жасайтыны, тіпті бүкіл азық-түлікті жеткізетін меншікті фермасының болуы — мұның бәрі пиццаның әр үзімінен сезіледі. Жиектері үлпілдеген жұқа қамыр, 18 түрлі толтырма, пеште 3 минут пісіру — перфекто! Классикадан «Маргарита», «Төрт фермерлік ірімшік», «Пепперони» пісіреді, бірақ авторлық нұсқаларды да татып көрген дұрыс: тауықтың сан еті мен шиитаке қосылған кимчи соусты пицца немесе албырт, черри және артишок соусы қосылған жұлдыз тәрізді пицца.
Тұран даңғылындағы мейрамханалар саяжолында, гастроөмірдің қайнаған ортасында новосібірлік танымал франшизаның филиалы «Перчини» орналасқан. Интерьерде нәзік флоренциялық реңк байқалады, қабырғаларда Боттичеллидің «Көктемі» мен «Венераның дүниеге келуінің» үзінділері бейнеленген. Мәзірі мәңгі құндылықтардан құралған: пастаны өздері жасайды (фузилли, казаречче, ригатони, тальяттелле және спагетти), пиццаны 72 сағат ұстаған қамырда пісіреді. Классикамен қатар, ерекше үйлестірген нұсқаларды да байқап көріңіз: сиыр еті мен құрма, кимчи асшаяндары, ірімшік пен манго чатниі. Лимончелло-тирамисуға да орын қалдырыңыз: цитрус цедрасының ащысы классикалық дәмді жарқын ете түседі. «Перчини» — итальяндық акцентті отбасылық түскі асқа жақсы таңдау.
La Bottega асханасы дәстүрлі көзқарасты ұстанады, ал интерьері есіктен бастап benvenuti деп сыбырлап тұрады: жылы ағаш, бәсең жарық және сөрелердің ар жағында пісіп жатқан ірімшік (буррата, моцарелла, страчателла, скаморца және качотта Galmart супермаркетінің сөрелерінде де ұсынылады). Мәзірінде — артық әбіргерсіз маңғаз Италия: песто, буррата және балқарағай жаңғағы қосылған спагетти китарра, сарымсақ пен райхан соусты асшаяндар, ризоттомен ұсынылатын оссобуко. «Керуенде» сәтті сауда жасаған соң дұрыс көмірсу порциясын тұтыну — міндет.
Оң жақ жағалауда Есіл өзенінің жағасынан алыс емес жерде Provino шарап бары ағаштардың көлеңкесінде жасырынып тұр. Форматы жанға жайлы, ал тағамы гедонистік рухта жасалған: артишок пен хамон қосылған антипасти, ростбифті брускетта, тапастағы сардина, паста мен ризотто. Мұнда шарап — сүйемелдеуші емес, өмір салты: жеңіл соаве, жібектей пино нуарлар, батыл оранжи — бәрін тікелей сөреден таңдауға болады. Кешкі ас ұзақ дегустацияға ұласып кеткенін байқамай да қаласыз. Provino‑дан үйге бір сүйкімді бөтелкені ала кетпеу — қиын шаруа.
Дөңгелек пьяццада ескі римдік антуражды Del Papa орналасқан: терракота қабырғалары, тор көзді дастарқандар, өрілген жақтауға салынған фотосуреттер. Мәзірі классикаға жүгінген: спагетти карбонара, лазанья болоньезе, ақ саңырауқұлақ қосылған ризотто, тирамису. Таңертең мұнда Апенниннің нәзік реңкі бар таңғы астар пісіреді: шакшука аррабиата, страчателла қосылған омлеттер, панини. Del Papa кешкілікте тіпті құлпырып кетеді: жарық сәулесі алаңның шыны аркаларынан өтіп, кьянти бокалдарына түседі: la vita è bella деп қана айтқың келеді.
Фото: мейрамханалардың сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшалары; Yandex Maps