Жаңартылған Functional Menu нутрициолог, биохакер әрі Quintessence клиникасының негізін қалаушы Аяла Қонақбаевамен бірге әзірленген. Негізгі назар ақуызға, жасұныққа және пробиотиктерге бай тағамдарға аударылған; әрқайсысына зығыр, қарасора дәні немесе кірпі саңырауқұлағы секілді суперфудтар қосуға болады. Cafeteria-дағы пайдалы таңғы ас — Protein morning: төрт жұмыртқаның ағы мен бір сарысынан жасалған, ысталған күркетауық еті, брокколи және эдамаме қосылған омлет. Түсте терияки тұздығымен пеште піскен албырт стейгін (30 г ақуыз, оған қоса омега да бар) немесе күріш ұнына аунатылған балапан бауырын (33 г ақуыз, темір қорына да сеп) таңдауға болады. Ал десертке міндетті түрде Prollagen pie — протеин мен коллаген қосылған жидек бәлішін алыңыз.
«Салем, сосед!» дүкені командасының «Шушу» велнес-кафесіндегі мәзір пайдалы тағамдардың әдемі каталогы дерсіз: глютенсіз сүзбелі құймақтар, құрамы таза сэндвичтер, коллагенді смузилер мен протеинді кофе. Клин-гёрлз, бәрің осында жиналыңдар! Түскі асқа киноа, күркетауық пастрамиі, батат және коул-слоу қосылған Protein bowl (36,4 г ақуыз) аламыз. Уақыт тығыз болып, ақуыз мөлшерін едәуір толықтыру керек болса, киноаға аунатып, артық майсыз пеште пісірген глютенсіз тауық стрипстері бар (59,4 г). Тәттіге — грек йогуртынан жасалған, құлпынай, протеин, тіпті коллаген де қосылған суфле (25,9 г). Оған қоса, атының өзі көп нәрсе уәде ететін «Хейли Бибер» смузиі бар (12,8 г).
Шеф Андрей Титов пен нутрициолог Катя Органик әзірлеген арнайы мәзір — ас таңдауға саналы қараудың бір үлгісі. Мұнда жұмыртқа, тауық паштеті мен ашытылған қырыққабат қосылған «функционалды» таңғы ас та, інжір чатниімен ұсынылатын «нағыз» сұлы ботқасы да, албырт пен қаймақ қосылған «глютенсіз» драниктер де бар. Бірақ ақуыз мөлшерін толықтыруды көздеген біз үшін ең қызығы — тауықтың төс еті мен тахини-майонез қосылған жасыл дөнер, түрінің өзі денсаулыққа пайдалы екенін аңғартады, құрамында 34 г ақуыз бар. Ал күндік мөлшерді бір отырғанда түгелге жуық толықтырғыңыз келсе, негізгі мәзірден бұрыш тұздығы мен кілегейлі құрт қосылған жылқы етінен рибай іздеңіз: онда 90 грамнан астам ақуыз бар!
Фото: мейрамханалардың сайттары мен әлеуметтік желілері; Yandex Maps
Арнайы Protein Balance Menu рационын қадағалап, тағамының құрамын білгісі келетіндерге арналған: мұнда бәрі теңгерілген, есептелген әрі барынша пайдалы. Күнді тойымды таңғы аспен бастау үшін бес жұмыртқаның ағынан жасалған омлетті (16 г ақуыз) немесе жұмыртқа мен күркетауық пастрамиі қосылған фитнес-таңғы асты (32,8 г) таңдауға болады. Жанына протеинді латте (25,8 г) алсаңыз, «менің тәнім — менің ғибадатханам» қағидасына таң атпай адалдық таныттыңыз дей беріңіз. Түсте осындағы дөнерді жеп көріңіз: дәмі де келіскен, калориясы да аса көп емес, құрамында 34 г ақуыз бар. Оның үстіне, ас қорытуға сеп болсын деп бір порция киви де қосып береді. Ақуызға ең бай тағам — тауық еті қосылған боул: киноа, сувид әдісімен дайындалған төс еті, эдамаме, көкөністер мен мисо тұздығынан тұратын бір порцияда 56 грамға жуық ақуыз бар.
Vanilla-ға жұрт жақсы кофе үшін ғана келмейді, мұндағы таңғы ас та әлдеқашан арнайы ат басын бұруға себеп болған. Таңертең Қонаевтағы кофеханада жүгірушілер, Медеудегісінде велосипедшілер, ал Виллада Skims киген құрбылар бас қосып отырса, олар бейгл, күркетауық еті, жұмыртқа, саумалдық, тұзды сүзбе мен көкөністерден тұратын «Ақуызды таңғы ас» (39 г ақуыз) үшін келген болуы әбден мүмкін. Оның баламасы — жұмыртқа, қарақұмық, брокколи және күркетауық еті, тауықтың төс еті немесе албырттың бірі қосылатын «Марафоншының таңғы асы». Мұнда бақандай 44 г ақуыз бар.
Арнайы рацион ұстанатындардың басты мекені: веган, палео, кето, глютенсіз тамақтану, тізімді әрі жалғастыра беруге болады. Дұрыс тамақтану жоба ұстанымының өзегінде жатыр, ал мәзірде әр тағамның таза құрамы, калориясы, ақуызы, майы мен көмірсу мөлшері түгел көрсетілген. Ақуызды таңғы астан бастап толықтыруға келсеңіз, мәзірде соған арналған тұтас бөлім бар. Оның таңдаулылары — қуырылған жұмыртқа мен тауық шұжықшасынан тұратын америкалық комбо (34 г ақуыз) және баяу бұқтырылған ет қосылған қарақұмық ботқасы (29 г). Түсте сиыр еті қосылған «коллагенді сорпа» (48 г) немесе пеште піскен дорадо (65,7 г) тапсырыс берсеңіз болады — өзіңізге риза болып қайтасыз!