abr мейрамханалар тобының алматылық Jinau жобасы елордаға да жетіп, Mega Silk Way сауда ойын-сауық орталығында ашылды. Жоба авторлары «жинау» сөзін екі мағынада қолданған: өнім жинау және адамдарды бір дастарқан басына жинау. Интерьерде өңі кедір-бұдыр ағаш, саз, сабан мен көнерген әйнек астық толы қаптармен, кепкен шөптермен, диірмен тастарымен, соқалармен және арбалармен жарасым тапқан. Бұйымдардың бір бөлігін ауылдардан жинаған. Ашық асүйде тандырлар мен грильдер орнатылып, нан-тоқаш пісіруге бөлек орын қарастырылған. Мәзір де Орталық Азия асханасының осы сарынын жалғастырады: самса, палау, буға піскен және қуырылған мәнті, сондай-ақ жергілікті өнімдерден жасалған тәттілер, соның ішінде ірімшік чизкейкі ұсынылады.
Қойылым басталады
Астанада енді екі цирк бар. Бірінде акробаттар манежге шықса, екіншісінде шоу тәрелкемен ұсынылады. Koktem мейрамханалар тобының жаңа жобасы Circus елордалық цирктің іргесінен, Қабанбай батыр даңғылы, 5/11 мекенжайынан ашылды. Осы сәйкестікті ұтымды пайдалануды жөн көрген: интерьерде италиялық цирк эстетикасы көрініс тауып, жолақты шатырлар, қанық түстер мен театрға тән бөлшектер үйлескен. Бұл тақырып мәзірде де жалғасады: тағамдарға цирк нөмірлерінің атауы берілген. Мұнда табадағы теңіз шоуынан (тұздықтағы көксерке мен теңіз өнімдері) бастап, жасыл күмбез астындағы албырт пен «орман сиқыршысының» тауық еті және саңырауқұлақ қосылған фетучиниіне дейін бар. Кеңістік шамамен 110 қонаққа арналған, таңертеңнен түнге дейін жұмыс істейді. Қысқасы, Астанада «цирктің жанында кездесеміз» дегенде, енді қайсысын айтып тұрғаныңызды нақтылауға тура келеді.
Piligrim кеңістігін жергілікті қолөнер шеберлері безендірген: қабырғаларды тұтас табиғи ағашпен қаптап, ішкі көріністе Маңғыстау үстіртін өзінше бейнелеген. Сондықтан өздерін «музей-мейрамхана» деп атауы әбден орынды. Тұжырымдаманың өзегінде тәңіршілдік қағидалары, шығыстың қонақжайлығы және жергілікті өнімдерді фьюжн тәсілдерімен еркін ұштастыру идеясы жатыр. Мәзірде Каспий кефалі мен Қиыр Шығыс сегізаяғы қатар ұсынылса, бауырсаққа албырт қосылады. Орналасқан жері де сәтті деуге болады: Piligrim екі жағалау түйісер тұстағы Astana Tower бизнес орталығынан орын тепкен. Бір жағында — Ататүрік саябағы, екінші жағында — Қараөткел көпірі, ал өзеннің арғы бетінде — Орталық саябақ.
Елордадағы молшылық
Жаңа Kök Restaurant Diplomat қонақүйінің 21-қабатында орналасқан, терезесінен Бәйтеректің әдемі көрінісі ашылады. Мәзірді әдейі шағын етіп жасаған, есесіне түрлі елдің асханасына еркін орын берілген. Асты мезе жиынтығынан, кимчи қызанақтары мен лабане ірімшігінен бастауға болады. Одан әрі Италия дәмдеріне кезек келеді: страчателла қосылған казаречче, шағын кальмар қосылған орзо және буррата қосылған паккери әзірленеді. Мәзірдің жеке бір бөлімі хоспер пешінде дайындалатын тағамдарға арналған: рибай мен сибас, бургер, асшаян мен брокколи көмір шоғына пісіріледі.
Астана аспанында, 21-қабатта
Қала картасындағы екінші нүкте
Екі жағалаудың тоғысқан тұсы
«Точканың» тағы бір нүктесі ашылды. Сығанақ көшесі, 58/1 мекенжайындағы жаңа бистро оң жағалауда бастау алған шағын қалалық жобаның жалғасы болды. Алғашқы «Точка» айналасына біршама тұрақты қонақ жинап үлгерген: таңертең мұнда таңғы ас ішіп, кофе ішуге келеді, күндіз ноутбукпен отырып жұмыс істейді, ал кешке үй жануарларын ертіп, паста, боул, пита мен смэш-бургер жеуге соғады. Мұнда жануарлармен де келуге болады. Аптаның басым бөлігінде еркін, бейресми ахуал орнаса, жұмадан жексенбіге дейін үстелдерге ақ дастарқан жайылып, бокалдар қойылады. Мәзірде жұртқа таныс тағамдар сақталған: таңғы асқа — моцарелла қосылған шакшука мен тауық сүбесі қосылған гречотто, ал түскі және кешкі асқа — хумус, сиыр етімен қуырылған кеспе және харисса қосылған тауық еті салынған сэндвич. Күнжіт пен қоюландырылған сүт қосылған кофе-шай да ұмыт қалмаған.
Фото: мейрамханалардың сайттары мен әлеуметтік желілері; Yandex Maps