Алматыдағы жаңа орынға шабыт берген мекеннің даңқы осал емес: ол — 1970-жылдары кино жұлдыздары, музыканттар мен сәнді кештердің тұрақты қонақтары бас қосқан аты аңызға айналған нью-йорктік Studio 54 клубы. Kultura 54 атауын да, түнгі өмір мәдениетіне қызығушылығын да содан алған. Мұнда кешті ас ішуден бастап, коктейль мен биге ұластырған жөн.
Мәзірде Азия дәмдерімен толыққан Еуропа тағамдары ұсынылған. Тіскебасарға парата мен чимичурри қосылған хумус (4 500), жидек кулиімен ұсынылатын тауық бауырының паштеті (5 900) немесе васаби тұздығымен қуырылған асшаян (7 500) алуға болады. Негізгі тағамдар қатарында баяу бұқтырылған жақ еті қосылған паста (8 100), ірімшік тұздығы қосылған французша бургер (6 900) және прайм санатындағы рибай стейгі (30 000) бар. Десертке — тирамису немесе балды бисквитпен әзірленген крем-наполеон (5 100). Әзірге барда тек авторлық коктейльдер дайындалады, олардың бір бөлігі болашақ сусындар мәзіріне енеді. Толық коктейль картасын да, тағамдардың кеңейтілген мәзірін де жуырда ұсынуға уәде беріп отыр. Ал диджейлер, би мен әдемі орта қонақтарын күтіп тұр.
Flask командасы корей минимализмі мен Орталық Азия табиғатынан шабыт алып, түгелдей матчаға арналған жаңа жоба ашты. Мәзірде церемониялы, премиум және стандартты матча (1 500-ден бастап), ходзича, сондай-ақ құлпынай, манго-маракуйя, алоэ, бабл-гам немесе коллаген қосылған қаражидек дәмі бар авторлы матча ұсынылады. Қасына матча қосылған финансье мен баск чизкейгін алуға болады.
Жаңа екі қабатты De Zhuang алматылықтарды Қытай асханасымен екі түрлі форматта таныстырады. Бірінші қабат хогоға арналған: қонақтар сорпа, ет, теңіз өнімдері, көкөніс пен басқа да қоспаларды таңдап, бәрін дастарқан басында өздері пісіреді. Сорпаның екі түрі бар: қызанақты және сычуань бұрышы қосылған ащы сорпа. Әрқайсысы 5 000 теңге тұрады. Қасына мәрмәрлі сиыр етін 3 500 теңгеге, қой етін 3 000 теңгеге, сондай-ақ саңырауқұлақ, көк шөп пен басқа да қоспаларды алдыртуға болады.
Екінші қабатта тағамдары жеке-жеке тапсырыспен ұсынылатын мейрамхана орналасқан. Мұнда ірімшік салынған спринг-ролдарды (7 800), сычуаньша сиыр етін (4 880) немесе сиыр еті салынған димсамдарды (4 000) татып көреміз. Десертке — османтус қосылған шағын батат (2 000).
Фото: мейрамханалардың сайттары мен әлеуметтік желілері; Yandex Maps
Уэс Андерсон Еуропаның сән-салтанаты келіскен қонақүйіндегі кешкі ас туралы фильм түсірсе, декорациясы дәл осындай болар ма еді. Château Fantôme интерьерінде байырғы гранд-отельдердің эстетикасы әйгілі режиссердің туындыларынан таныс симметриямен үйлескен. Қоңыр ағаш, шарап түстес барқыт, жез бөлшектер, мәрмәр мен кілт ұңғысы пішініндегі айналар — бәрі ар-деко мен неоклассика мәнерінде.
Ал негізгі оқиға дастарқан басында басталады — мұндағы кешкі ас қонақтарды қойылымның ішіне жетелейді. Әртістер қонақтардың арасынан шығып, залдың әр тұсында кеш бойы өнер көрсетеді. Мәзірде Еуропа мен Азия асханалары тоғысқан: трюфель тұздығындағы үйрек еті салынған равиоли, птитим мен түлкішек саңырауқұлағы қосылған үйрек конфиі, сашими, суши және ролдар. Бағасы да осы сән-салтанатқа сай: балапан еті қосылған цезарь — 8 900, тауық бауыры мен фуа-градан жасалған паштет — 4 500, ал бешамель тұздығындағы краб аяғының буыны — 44 900 теңге. Негізгі мейрамханадан бөлек, үлкен Ballroom залы мен жеке караоке аймағы бар.
Нью-Йорк стритфуды Алматыға тек жеткізу арқылы жұмыс істейтін жаңа Upstate жобасымен келді. Мұнда платтерлер әзірленеді: күріш, көкөністер, дәмдеуіштермен дайындалған ет, пита және екі фирмалы тұздық — ақ және ащы тұздық қосылған мол порциялар. Дәл осы өнімдерден шауырма да жасайды. Нью-Йорктің көше тағамдарынан шабыт алған команда өз рецептерін әзірлеп, ықшам мәзір мен мол порцияға ден қойған.
Славян асханасының мейрамханасы алты қабатты алып жатыр, әрқайсысының өз форматы бар. Төртінші қабатта бейсенбі, жұма және сенбі күндері 19:30–дан 23:30–ға дейін шоу-бағдарламалар өтіп, жанды музыка орындалады. Бесінші қабатқа пеш орнатылған, ал алтыншысы террасаға арналған. Тіскебасарлар мәзірінде қой еті салынған чебурек (2 990), асқабақ тосабымен ұсынылатын тауық бауырының паштеті, тұздалған көкөністер мен түрлі турама бар. Ыстық тағамға саңырауқұлақ қосылған қуырдақ (2 790), қаймақ тұздығындағы саңырауқұлақ салынған шошқа етінің орамалары — крученики (6 790), үйрек саны (5 990) және картоп, тұздалған көкөністермен ұсынылатын шошқа жіліншігі (13 890) беріледі. Десертке — піскен қоюландырылған сүт салынған «жаңғақ» печеньесі (1 990) мен наполеон (2 890). Сусындардан фирмалы шайлар, лимонадтар, қолдан жасалған наливкалар мен самогон ұсынылады.